Алматы облысындағы 3 ауылға табиғи газ берілді

Алматы облысының Балқаш ауданындағы Миялы, Бақбақты және Бірлік ауылдарына табиғи газ берілді, деп хабарлайды 24KZ.

Аудан бойынша 400-ге жуық үй отын жарып, күл шығару тауқыметінен құтылды. Қалған ауылдарға 2030 жылға дейін газ құбыры тартылады, – дейді жауапты мекеме басшылары.

Миялы ауылының тұрғыны Мейрамгүл Айдарбекованың жасы 84-те. Кейуана осы уақытқа дейін пеш жағып, күл шығару сияқты үй шаруасын өзі атқарып келді. Әлі күнге дейін қорадағы малын жайғап, сиырды өзі сауады. «Ауылға табиғи газдың келуі жергілікті тұрғындардың тұрмыс-тіршілігін барынша жақсартады», – дейді ол.         

Мейрамгүл Айдарбекова, Миялы ауылының тұрғыны:

- Мына газдың келгеніне қуанып жатырмыз. Бейнеттен құтылдық. Қосып қояды екен, рақат. Енді қыстың күні тіпті рақатын көреміз. Қазір күн жылыда жаңа қосылды ғой. Рақмет енді, халықтың жағдайын жасап жатыр. Тамағымызды істеп аламыз, үйімізді жылытамыз, жақсы бұл. Ауылға газдың келгені – елдің берекесі.

Айдар Ойшиев, Миялы ауылының тұрғыны:

- Мына газ келіп, дұрыс болды бәрі. Жақсы, әйбат. Екінші үй болып мен қосылдым. Көршілерім қосты. Мен пешті кредитке алдым. Айына 42 мың ба, 45 мың ба, сондай төлеп тұрамын. Жұмысшыларына бөлек төледік. Бірақ материалдары, бәрі өздерінен болды.

Ауылдағы әр үй қыста 5-6 тонна көмір жағатын. Оның тоннасын 27 мың теңгеден, ал отынның бір бумасын 18 мың теңгеден сатып алып келді. Балқаш ауданы бойынша қазір 6 елді мекендегі 400-ге жуық үйге табиғи газ кірді. 211 абонеттен үйлерін көгілдір отынмен қамтамасыз ету туралы өтініш түскен. 

Ернар Кенжебек, газ тасымалдаушы компания өкілі:

- Бақанас ауылы бойынша 370 үй қабылданды. Ал жаңағы Миялы ауылы бойынша 22 үй қабылданды. Бақбақты ауылы бойынша 37 үй қабылданды. Бірлік ауылына, міне, ертең газ беріледі. Бақанас ауылында «счетчикке» дейінгі «газопровод» тартылмаған. Тартылмағандықтан, бұл жерде газ кіргізу құны – 180 мың. Бақбақты ауылында газ «счетчикке» дейін тартылған. Ол жерде 140 мың. Ол монтаждау жұмысы бойынша.

Балқаш ауданындағы қалған 14 ауыл 2030 жылға дейін газдандырылады. Қазір жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсенбаев, Аманжол Жөңкешов.