Баянауыл ұлттық паркінде өртке қарсы дайындық басталды

Баянауыл ұлттық паркі материалдық-техникалық базасын нығайтып жатыр, деп хабарлайды 24KZ.

Мекеме 6 шағын өрт сөндіру кешені мен арнайы жасақтарға арналған 17 ранец алды. Қосымша екі үлкен техникаға тапсырыс берілді. Жаңа техниканың мүмкіндіктерін сынап көру үшін оқу-жаттығу өтті. Ұлттық парктің жалпы аумағы 68 мың гектарды құрайды. Оның 40 мыңы – қарағайлы орман алқабы.

Диспетчер өрт шыққаны туралы дабыл қақты. Ұлттық парктің өрт сөндіру қызметі оқыс жағдайға сақадай сай тұр. Былтыр сыйымдылығы 500 литрлік цистерналары бар тіркемелер, мотопомпалар мен шағын патрульдік өрт кешендері алынды. Бұдан өзге де керек-жарақтармен қамтылды.

Аждар Жүсіпов, Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің директоры:

- Ұлттық парктің демалыс аймағында ұзақмерзімді жалға алынған 54 нысан бар. Олар бір-біріне жақын орналасқан. Өрт шыға қалған жағдайда үлкен  техникалар өте алмайды. Біз таулы жерде тұрамыз. Техника түгілі адам аяғы баспаған жерлер бар. Мына шағын өрт сөндіру кешендері арнайы жасақты апаруға да ыңғайлы.

Өрттен қорғау маусымы сәуірде басталып, қазан айына дейін жалғасады. Осы кезеңде Баянауыл ұлттық паркі жергілікті әкімдікпен бірлесіп, орман және дала өрттерінің алдын алуға бағытталған жұмыстарға жұмыла кісіреді. Жыл сайын осы кезеңде ауданда еріктілер жасағы құрылады.

Азамат Қожайбердиев, Баянауыл аудандық ТЖ бөлімінің басшысы:

- Хабарлама алған сәттен бастап диспетчер өрттің шыққан жерін анықтайды. Одан кейін өрт сөндіру күштеріне, Төтенше жағдайлар департаментіне  хабарлайды. Өрт шыққан аумаққа бірінші болып жеткен топ тілсіз жаудың кауіптілік деңгейін анықтап, қосымша күштерді тартуға шешім қабылдайды.

Өткен жылы Баянауыл ұлттық паркінің аумағында 26 өрт оқиғасы тіркелген. Қызыл жалын мың гектардай жазық далаға жайылды. Орман қорының 100 гектары өртеніп кетті.

Тағы бір айта кетерлік жаңалық, аталған мекеме жаңа маусымда жаңа техникалармен қатар өрт сөндіру жасағын от өткізбейтін сапалы киімдермен де қамтамасыз еткен.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев.