Солтүстік Қазақстан облысында 20 мың жас көшет егілді

Солтүстік Қазақстан облысында «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында 20 мыңға жуық жас көшет егілді.

Жалпыұлттық экологиялық шараға бір жарым мың адам қатысып, қоршаған ортаны көгалдандыруға зор үлес қосты.

Бұл петропавлдықтардың ең сүйікті демалыс орындарының бірі. Бүгін «Жеңіс» саябағына жүздеген адам жиналды. Олар көктемнің жайма шуақ күнінде шырша ағаштарын әкеліп екті. «Таза Қазақстан» акциясынан ардагерлер де қалыс қалмай, жастарға үлгі болды.

Жангелді Тәжин, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

- Міне, екінші жұма қалаға шығып, біз үлкен осындай шаруалар атқарып жатырмыз. Енді осы іске алдымен сол аға ұрпақ өкілдері мынау ардагерлеріміздің қатысып жатқаны өте қуанышты. Өйткені, біздің қаламыз. Біз осы жерде тұрдық, біз осында қызмет қылдық. Бұл қала біздің туған жеріміз. Қаланың көркі біздің абыройымыз, атағымыз. Сондықтан ардагерлер осындай аянбай жұмыс істеп жатыр.

Осындай сенбілік облыс бойынша ұйымдастырылды. Жалпыұлттық шараның «Жасыл аймақ» атты үшінші апталығына бір жарым мың адам қатысы. Олар айналаны күл-қоқыстан тазартып 20 мыңға жуық ағаш екті.  

Қайрат Халықов Қызылжар, орман шаруашылығының директоры:

- Қазіргі мерзім ағаш отырғызудың дәл кезеңі болып табылады. Көктем мезгілінде бірінші маусымға дейін бұл жұмыстарды біз атқарып, бітіру керекпіз. Өйткені жаңағы ағаштар бүршік атпай тұрып, оларды тез арада егіп суарып тұру керек. Сондықтан олар ауырмайды және дағдыланып, жерсініп бұл жерде кәдімгідей ағаш өз қалпына келіп өседі.

Еліміз бойынша бастау алған «Таза Қазақстан» акциясы бес аптаға жалғасады. Ендігі кезекте жергілікті тұрғындар қариялардың үйін ретке келтіріп, өзен-көлдердің жағасын тазалауды жоспарлап отыр. 

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов