Қызылорда облысында жаңа автовокзал ашылды

Қызылорда облысында жыл сайын жолаушылар ағыны артып келеді.

Өңір тұрғындарына сапалы қызмет көрсету мақсатында жаңа автовокзал ғимараты пайдалануға берілді. Сырдарияның сол жағалауынан салынған сапаржай «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық күрежолына жақын орналасқандықтан автобустар қала ішіне кірмейді. Бір мезетте 200 жолаушыға қызмет көрсететін автовокзалда 38 бағытқа рейс ашылады. 

Сапаржайды салуға өңір қазынасынан 975 миллион теңге жұмсалды. Мұнда медициналық-санитарлық көмек көрсету, диспетчерлік бекет және жүк сақтау камералары бар. Сонымен бірге ана мен бала, жүргізушілердің демалыс бөлмесі қарастырылған. Одан бөлек мүгедектігі бар жандардың кедергісіз қозғалысына қажетті құрылғылармен жабдықталған.

Қылышбек Жолтайлақов, қала тұрғыны:

- Жаңа автовокзалға келіп, жүгімді жүк қоймасына қойдым. Өзім жоғарыға шығып, шәй ішіп алдым. Енді автобусымның жүретін уақытын күтіп отырмын. Төретамға барып қайтқым келіп тұр билет алып. Өз заманына қарай осындай жаңа ғимараттар көтеріліп тұру керек. Қаланың сол жақ жағалауына салынған автовокзал. Өте жақсы ұнады маған. Барлық жағдай істелген. Демалатын орындар бар.  

Тасбөгет, Белкөл, Ақжарма секілді қаланың шеткі аудандарынан қатынайтын қоғамдық көліктен бөлек 11 ауданаралық автобустарға қызмет көрсететін сапаржайдан көршілес мемлекеттерге де бағыт ашылды. Автовокзалда жолаушыларды түсіруге 6, сапарға аттанатындарға 11 перрон қарастырылған.

Жәнібек Сыздықов, жолаушылар көлігі және автожолдар басқармасының басшысы:

- Облысаралық, ауданаралық және 1 мемлекетаралық Ташкент қаласына маршрутты қамтамасыз ететін болады. Жұмыс жүргізу кезең-кезеңімен іске асырылып жатыр. Қызылорда қаласында жеке автовокзал болған бұрын. Ол қазір қала ішінде қалды. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жолына көліктің кедергісіз шығуына байланысты осы автовокзал құрылысын салып бітірдік. 1 кезекте бағыттар жүргізіп жатырмыз Арал, Қазалы, Жалағаш, Сырдария аудандарына қарай.

Жалпы соңғы жылдары өңірдің басты көлік-логистикалық нысандарын жаңартуға баса мән беріліп келеді. Теміржол вокзалы заманауи үлгіде қайта жаңғыртылды. Енді жуырда жаңа әуежай терминалы қолданысқа берілмек. 

Авторлары: Қамбар Бекенов, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Бәйділдаев