Абай облысында 60 мыңға жуық қарағай көшеті егілді

Абай облысында қарағайлы орманын қалпына келтіру жұмыстары жалғасып жатыр.

Республикалық «Таза Қазақстан» акциясы шеңберінде мыңдаған адам жас көшеттер егуге атсалысты. Белсенділер 12 гектардай аумаққа 60 мыңға жуық түп қарағай ағашын екті.

Бүгін түрлі ұйым қызметкерлері, колледж және жоғары оқу орнының студенттері орманды көркейтуге бір кісідей шықты. Бір топ белсенді Бесқарағай ауданына қарасты Жыланды ауылындағы жасыл желек алқабына бет алды. Мақсат – орманды қайта қалпына келтіру.     

Нарғыз Кәрімова, акцияға қатысушы:

- Бүгін ормандарды қалпына келтіру мақсатында талдар егіп кеткен болатынбыз. Атадан мал қалғанша – тал қалсын демекші.

Қатысушылар небәрі бір сағатта 12 гектар аумаққа 60 мыңға жуық қарағай көшеттерін екті. Бұл игі іс «Семей Орманы» орманшылары үшін айтарлықтай көмек болды.

Эльмира Құрманова, Ақкөл орман шаруашылығының мемлекеттік инспекторы:

- Бізге негізі үлкен көмек келеді. Бізде негізі жұмыс көлемі үлкен боп тұр Жаңасемей филиалының өзінде. Сондықтан мына кісілердің пайдасы зор. Өйткені мынадай гектарды көп салу мүмкін емес.  

Нұрлан Ұранхаев, облыс әкімі:

- Бұл акция бір реттік акция емес. Қазір бүкіл облысымызда жұмыс жалғасуда. Қаланы тазартып, аудандарды. Мысалы бүгін Семей қаласында орталық саябағында «Елімай» ФК, «Семей» МФК, Елімайдың шағын орталығының жас балалар олар да тал егіп жатыр. 

Өңірде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталғалы 100 мыңнан аса жас көшет егілді. Жалпы «Семей Орманы» резерваты 2025 жылға дейін 119 миллион қарағай ағашын жерсіндіруді жоспарлап отыр.

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы Әсем Өтешева, Медет Өмірханов