Ақтөбе облысында 756 мың гектар алқапқа дән себіледі

Қазір шаруалар қажетті тұқым мен арзандатылған дизель отынын алып жатыр.

Әсіресе, Қарғалы, Мәртөк, Хромтау мен Әйтеке би аудандарында жұмыс қызу. Диқаншылар техникасын сайлап, ылғал жабу науқанына дайын. Енді бірер күннен кейін егіс алқабына шығады.

Бұл шаруашылық жылда мол өнім алады. Қожалық иесі 30 жылда егіс алқабының көлемін ұлғайтып, қажетті техникасын жаңартып отырған. Биыл 14 мың гектарға тұқым себеді. 50-ден астам адам көктемгі дала жұмыстарына шығады. Тұқым қоры да жиналып жатыр.

Медет Базарбайұлы, бригадир:

- Бұйырса осы 9 мың гектарға бірінші репродукция «саратов 70» егейін деп тұрмыз. Қалғаны 3 мың гектардай шемішкі егіледі. Сатып аламыз шемішкіні, өйткені шемішкі бір егілгеннен кейін келмейді екінші. Келесі жылға өзіміздің семена қалдыра алмаймыз, ол келмейді.

Қожалық осы аптада ылғал жабу жұмыстарына кіріседі. Жанар-жағармай қоры да дайын. Дегенмен, бір мәселе туындап тұр. Алқапта киік көбейіп кеткен.

Ақжол Дабылов, шаруа қожалығының басшысы:

- Былтыр бізге киік келді 16 май күні. 200 мың бастай келді. Былтыр біздер сол майдан бастап, қыркүйекке дейін киікпен арпалыстық. Биыл 16 сәуір күні киік келіп болды. Былтырдан екі есе көп.

Әйтеке би облыстағы астықты ауданның бірі. Былтыр әр гектарынан 10 центнерден өнім алған. Алайда, жиын-терім басталған сәтте жауын-шашын мол түсіп, мыңдаған гектар орусыз қалды. Диқаншылардың биылғы жылдан үміті мол. Биыл аудан шауралары арпа-бидай, мал азығы, майлы дақылдар тұқымын жылдағыдан артық егіп, егіс көлемін 3 процентке өсті.

Ақылбек Исатаев, аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы:

- 90 пайыз тұқым дайын. Қалғандары Ресей елімен және көрші Орал, Қостанай облыстарымен келісім жасалып жатыр. 46 шаруашылық көктемгі далалық жұмыстарына арзандатылған жанар-жағармайға өтінім берді 2207 гектарға. Олар қазір тасылу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Ауыл шаруашылығы саласы мамандарының айтуынша, көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге кедергі жоқ. Су тасқынынан да айтарлықтай қиындық тумады.

Нұрбек Райымбаев, облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы:

- Су тасқыны кезеңінде, мына су арналарында орналасқан шаруашылықтардың алқаптарының суармалы жерлеріне судың деңгейінің көтерілуі болды. Бірақ, бұл біздің егіс жұмыстарын жүргізуге айтарлықтай әсері жоқ. Қазіргі уақытта ол су деңгейлері түсіп, сулар тартылды. қалыпты деңгейге түсті.

Қазір егіспен айналысатын қожалықтарда жұмыс қызған. Ал тұқым себу әдеттегіше мамырда басталады.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болат Молдағалиев