Шетелдік туристерге «жасыл дәліз» ашылады

Қазақстанға келетін шетелдік туристерге «жасыл дәліз» ашылады.

Мұндай  бастаманы іргедегі елдермен бірлесе жүзеге асыру көзделіп отыр. Қазір Өзбекстанмен тиісті келісім бар. Бұл туралы еліміздің Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев көршіміздің Шахрисабз қаласында өтіп жатқан экономикалық ынтымақтастық ұйымы іс-шарасында мәлімдеді. Халықаралық бірлестік аясында туризм саласына арналған консультативтік комитет құрылмақ. Оның мүшелері жылына екі мәрте кездесіп, өзекті мәселелерді талқылайды. Алғашқы басқосу Өзбекстанда өтсе, ендігі жиын Қазақстанда ұйымдастырылуы мүмкін. Бұдан бөлек еліміз Маңғыстау түбегін экономикалық ынтымақтастық ұйымының тағы бір туризм орталығы ретінде таныту бастамасын көтеріп отыр. Мұндай мәртебе биыл Өзбекстанның Шахрисабз шаһарына берілген. Туризм дәлізін Өзбекстан ғана емес, Қытай, Ресей және Қырғызстанмен шекарада ашу көзделген. Жоба елге көбірек саяхатшы тартуға септігін тигізуі тиіс. Былтыр елімізге 9 миллион 200 мың шетелдік саяхатшы келіп-кеткен.

Ержан Еркінбаев, ҚР Туризм және спорт вице-министрі:

- Шекараның жаяу өтетін немесе көлікпен өтетін жерінде «жасыл» дәліз құруды жоспарладық. Себебі туристер шекарадан өткен кезде қиналады. 1 сағаттан астам күтіп отырады. Соны шешу керек. Ұйымдастырылған туристік топтар үшін бөлек дәліз болса, олардың шекарадан өтуі 7 минуттың шеңберінде болады.