Президент: Халықты тағдыр тәлкегінде қалдырмаймыз

Қазақстанның кез келген азаматы әлемнің қай түкпірінде жүрсе де, біздің мемлекеттің қорғауында болады.

Біз ешқашан өз азаматтарымызды тағдыр тәлкегінде қалдырмаймыз. Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі отырыста осылай деді. Мемлекет басшысы 2021 жылы Ауғанстандағы, 2023 жылы Газа секторындағы ахуал күрт шиеленіскенде азаматтарымызды ол жақтан шұғыл шығарып әкелгенімізді тағы бір атап айтты.

Сондай-ақ Президент аспан түстес төлқұжатымыз еліміздің жалпыұлттық бірегейлігінің маңызы екенін мәлімдеді. «Көк паспорты бар әрбір адам ұлтына, көзқарасы мен наным-сеніміне қарамастан, Қазақстан азаматының барлық құқығын иеленеді», – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Біздің көк паспортымызға еліміздің тұғыры саналатын басты құндылықтардың бәрі сыйып тұр. Оны бүкіл әлем заманауи озық мемлекеттің құжаты ретінде таниды. Қазақстан азаматтары ондаған мемлекетке визасыз бара алады және біздің табанды жұмысымыздың арқасында мұндай елдердің қатары көбейіп келеді. Қазір Қазақстан Әлем төлқұжаттары индексінде 66-шы орында тұр. Бұл жаман көрсеткіш емес.