Қ. Тоқаев: ҚХА жалпыұлттық доктринамен үндеседі

Ассамблея жұмысын еліміздің жаңа гуманитарлық идеологиялық доктринасымен үйлестіру қажет.

Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясының сессия отырысында осылай деді. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл тұста Ұлттық құрылтайда жалпыға ортақ құндылықтар айқындалғанын атап өтті. Оның бәрі саясат пен экономикадан бастап, білім мен мәдениетке дейінгі барлық салада бағыт-бағдар болады. Ассамблея жұмысына арқау болып отырған қағидалар осы құндылықтармен толық үндеседі, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Меніңше, ой-пікірдің көпшілігі Атыраудағы құрылтай, шын мәнінде, ұлтымыздың дамуына қатысты жаңа философия мен идеологияның бастауына айналды деген пайымға келіп тоғысады. Дегенмен құрылтайда айтылған жалпыұлттық доктрина, яғни тұғырнама жетекші қоғамдық институттардың барлығы қолдаса ғана толық жұмыс істей алатынын ұғынған жөн. Ондағы негізгі қағидаттарды орнықтыру ісінде Ассамблея басты рөл атқаруға тиіс.