Жер сілкінісін алдын ала болжайтын мобильді қосымша

Әлемде кейінгі 24 сағатта 884 жер сілкінісі болды. Ең қуатты магнитуда 5,9 баллға жеткен.

Бұл туралы штаб-пәтері Германияда орналасқан, дүниежүзіндегі жер асты дүмпулеріне тұрақты мониторинг жүргізетін "Валканоу Дискавери" (VolcanoDiscovery) сайты хабарлады.

Ал Тайваньда 2 студент жер сілкінісі болатынын ескертетін ұялы қосымша ойлап тапты.

Бірегей қосымшаны 17 және 20 жастағы студенттер жасап шығарды. Бұл топ Тайвань бойынша, жер асты дүмпуін алдын ала сезетін 130-дан астам құрылғы орнатқан. Олар дабылды ұялы қосымшаны жүктеген адамдарға бірден жібереді.

Лин Жуй, ұялы қосымшаның қосалқы авторы:

- Күн райын болжайтын орталық басқармамен Жер сілкінісін ескертетін қосымша бойынша бірнеше келісімшарт жасалған. Бірақ оларда біздікіндей сейсмикалық белгі бергіш жоқ. Осының арқасында біз басқаларға қарағанда жер сілкінісін ерте хабардар қыла аламыз. Маған Жердің қозғалысы мен күштердің әсерін бақылау ұнайды. Алдағы уақытта жер сілкінісін 10 күн бұрын болжайтын заман да келер. Сонда адамдардың өмірін сақтап қалуға болады. Бәрі технологияға байланысты.

Бұл қосымшаның жасалғанына біраз болған. Басында қолданушылар саны 300-ге жетпейтін. Бірақ өткен айда Тайваньда 1300-ден астам жер сілкінісі тіркеліп, ең күштісі – 17 адамның өмірін қиған 7,2 баллдық зілзаладан соң қосымшаны бірден 370 мың адам көшіріп алған.

Куо Чен-ю, ұялы қосымшаның қосалқы авторы:

- Бізге бір сәтте танымал болу қиынға соғып жатыр. Ондайға біз дайын болмай шықтық. Күрт артқан сұранысқа сай жылдам жұмыс істеу өте ауыр екен. Әдетте серверді үйде ұстайтын едік. Енді оның күші жетпей жатыр. Гуглдың клауд платформасын пайдалану үшін күніне 107 доллар төлеу керек. Бұл біз үшін өте қымбат.

Негізі шұғыл хабар бергіш жүйе үкіметте де бар. Бірақ өткен жер сілкіністері кезінде олар іске қосылмай, халықтың сынына ұшыраған болатын.

У Тиен-фу, сейсмикалық орталық директоры:

- Біз мұндай зерттеулер мен жаңалықтарды қолдаймыз. Өйткені мына ойы ұшқыр жастар тез мәлімет беру арқылы қоғамның сұранысын қанағаттандыратын қосымшалар жасаған. Бірақ біздің ресми жүйеге енгізбес бұрын ескеретін басқа да мәселелер бар. Мысалы, кейде магнитуда 6 жарым болса да, оның әсер ету қуаты 3 баллды көрсетеді. Мұндай кезде ақпаратты қалай беру керектігін біз ойластыруға міндеттіміз.

Студенттер жасаған қосымша жер сілкінісі болардан 30 секунд бұрын телефон шамын автоматты түрде жағып, лезде хабар бере алады.

Ернат Мелсұлы, 24.KZ