Таяу шығыс. Індетті індететін шама жоқ...

Әлемнің кей елдерінде жоғарғы тыныс жолдарының инфекциясы, диарея, қышыма, менингит белең алды.

Жұқпалы аурулар әсіресе, Газа секторында тез таралуда. Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымы аймақта инфекцияның ондаған мың жағдайы тіркелгенін айтып, дабыл қақты.

Газаның оңтүстігінде жағдай күннен күнге ушығып барады. Кәріз және су жүйесі істен шыққан соң, төңірек қоқыс пен тозаңға толған. Лас жерде лажсыз күн кешкен тұрғындар түрлі жұқпалы ауруларға шалдығуда. Әсіресе, диарея, менингит, қышыма, тыныс алу жолдары инфекциялары аймақта өршіп тұр.

Ваэль Аль-делайми, Калифорния университетінің қоғамдық денсаулық сақтау профессоры:

- Су, кәріз жүйесі, электр қуаты, тазалық, дезинфекциялау жұмыстары, бәрі-бәрі бір-бірімен тікелей байланысты. Егер халық тығыз қоныстанса немесе отбасында бір ғана адам инфекция жұқтырып, санитарлық-гигиеналық талаптарды сақтамаса, онда ауру жүздеген адамға жұғуы мүмкін. Қазір Газадағы жағдай дәл осыған саяды.

Қоқыстан таралған қолаңса иістен тұрғындар тұншығып жатыр. Лас ауаны жұтқан балалар уланып, тіпті, кейбірі өлім құшқан. Қазір аймақта инфекция жұқтырғандардың саны он мыңнан асты. Емдеу мекемелерінде препарат тапшы. Дәрігерлердің қолынан келер шара жоқ. Жанын шүберекке түйген тұрғындар басқа аймаққа бас сауғалауға мәжбүр.

Хамди Султан, тұрғын:

- Шыбын-шіркей күндіз мазамызды алса, түнде ызыңдаған масалар әбден әбіржітіп жіберді. Күндіз-түні ұйқыдан айырылдық. Иістен ауа жұту мүмкін емес. Әсіресе, балаларымызға обал. Көріп тұрғандарыңыздай, осы қоқыспен ойнаған ұл-қыздарымыз бірден жұқпалы ауруға шалдығып жатыр. Гепатит пен тері бөртпесі тез таралуда.

Заки әл-Тала, тұрғын:

- Мұндағы жағдай адам төзгісіз. Өйткені бұл жерде кәріз орналасқан. Оның ағынды суы тұрғындарға кедергі келтіріп жатыр. Балалар мен әйелдер ауруға бейім. Шыдамымыз таусылды.

Сарапшылардың сөзінше, аймақтағы ахуалдың күрделенуіне антисанитарлық жағдай мен гигиенаның сақталмауы себеп. Су және кәріз жүйесі қалыпқа келмесе, өңірде апаттық дағдарыс орын алуы мүмкін. Ал инфекция жұқтырғандардың саны көбеймесе, азаймайды дейді.

Әсия Нұрлыбаева, 24.KZ