Түркістан облысында 28 мың көшет егілді

Түркістан облысында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталғалы бері Созақ ауданында ең көп ағаш отырғызылды, деп хабарлайды 24KZ.

Мұнда соңғы 3 аптада 28 мың түп көшет егілген. Созақ өңірі топырағы шөлейтті, ауа райы қолайсыз, оның үстіне экологиялық аймаққа кіретін өңірде ағын су тапшы болғандықтан жасыл-желек те аз. Жергілікті билік бұл мәселені аймақты көгалдандыру арқылы шешуге болатынын айтады. Қазір аудандағы барлық ауылдар мен елді мекендерде жаппай ағаш егу науқаны жүріп жатыр. Түркістан бағытына қарай үлкен жолдың бойына 6 мың түп қарағаш көшеті егіліп, 3 шақырым қоршау орнатылды. Шараға мекеме қызметкерлері, қоғамдық ұйым мүшелері, белсенді жастар мен ауыл тұрғындары да атсалысып жатыр. Олар тек көшет отырғызып қана қоймай, көшелерді күл-қоқыстан тазартып, аулаларды ретке келтіру, қураған ағаштарды қырқу жұмыстарын да қатар атқарып жатыр.

Мұхит Тұрысбеков, аудан әкімі:

- Барлық жерде ағаш егу, әктеп, сырлау, тазалық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бірінші ауламыз, көшеміз, ауылымыз, ауданымыз таза болуы тиіс. Сол жөнінде жұмыстар жүргізуіміз керек. Бәріміз бірігіп жұмыс істеген кезде ғана біздің еліміз таза болады.