Көкшетауда экологиялық акцияға 4 мың адам үн қосты

Көкшетаулықтар «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына үн қосып, қаланы күл-қоқыстан тазартты.

Тұрғындар мен еріктілер көгалдандыру мен абаттандыру жұмысын жұмыла атқарды. Жергілікті кәсіпорындар техника бөліп, қоқысты қала сыртындағы полигонға шығарды. Сенбілікке 4 мыңға жуық адам шықты.

Экологиялық акцияға қала тұрғындары ерекше үлес қосты. Олар өз ауласын қоқыстан тазартып, ағаш түптерін әктеді.

Өмір Есенұлы, қала тұрғыны:

Жасы да, үлкені де – бәрі шығып, бір адамдай барлығымыз жұмыс істеп жатырмыз. Гүл егуге орын дайындап жатырмыз дегендей. Былтыр бәріміз осы қоршауды қойдық. Енді үйдің маңын біз тазаламасақ, кімге керек?!

Қаланың шеткі аудандары да қоқыстан тазартылды. Жалпы соңғы уақытта көпқабатты тұрғын үйлердің ауласын абаттандыру жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Балалар ойын алаңдары жаңғыртылып, ағаш егіліп, жаяу жүргіншілер жолы жөнделіп жатыр. Бұл жұмыстарға коммуналдық мекемелерден бөлек, еріктілер атсалысып жатыр.

Фариза Серікбай, волонтёр:

- Негізі әр адамға өзінің туған жерін таза ұстап, қадірлеу маңызды деп ойлаймын. Осыған байланысты қазір Көкшетау халқы өз аулаларын тазалап жатыр. Жалпы бәрімізді осы «Таза Қазақстан» акциясын қолдауға шақырамын.

Ерболат Серікбаев, қалалық ТҮКШ бөлімі басшысының орынбасары:

- Жалпы комуналдық органдармен халыққа қажет қапшық, сонымен әктеу үшін әк, құрал-саймандар табысталып, жұмысқа қажетті құралдармен қамтамасыз етілді. Әлеуметтік жауапкершілік аясында Көкшетау қаласының бизнес өкілдері өз тараптарынан 40-қа жуық техника, яғни самосвалдар және 20 шақты трактор ұсынылды. Жұмыстар Көкшетау қаласының барлық аумағында жүргізіліп жатыр.

Өңірде 15 сәуірден бастап тазалық акциясы өтіп жатыр. Осы уақытқа дейін қала ішінен 2 мың текше метр қоқыс шығарылды.

Авторлары: Абзал Балтабаев, Евгений Шинкаренко.