Жастар арасындағы Азия чемпионаты

Ұлттық құрама қоржынындағы жолдамалар саны 50-ге жуықтады.

Париж олимпиадасының басталуына бірер ай ғана қалды. Қазір ұлттық құрама спортшылары әлемнің түкпір-түкпіріндегі іріктеу турнирлеріне қатысып жатыр. Әзірге лицензияның жалпы саны 49 ғана. Ал жазғы ойындарға дейін оны 80-ге жеткізу жоспарланып отыр.

Әйгерім Сарыбай лицензия иемденді

Әйгерім Сарыбай Париж олимпиадасына қатысады. Біріккен Араб Әмірлігінің Фуджейра қаласында семсерлесу шеберлері арасында іріктеу турнирі өтіп, жекелей сындар бойынша жазғы ойындар жолдамасы сарапқа салынды. Айта кету керек, бұнда лицензия алу оңай емес. Ол үшін жарыстың жеңімпазы атануың қажет. Міне, осындай мүмкіндікке қазақстандық спортшылар арасынан Әйгерім Сарыбай қол жеткізді. Ол алдымен Вьетнам, одан кейін Аустралия спортшысын айқын басымдықпен ұтты. Ал финалда Гонконг өкілі Ку Винг Чумен жолығып, 15-13 есебімен жеңді. Ақтық сын өте тартысты өтті және Әйгерім соңғы сәттерде  жеңісті жұлып алды.

Азиялық іріктеу жарысына 32 елден 100-ден аса үміткер қатысқан болатын. Ұлттық құрама сапында Әйгерімнен басқа тағы 4 спортшы бар. Бірақ олар жолдама иемденген жоқ. Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанның ерлер құрамасы командалық сында лицензия жеңіп алды. Соның арқасында 3 жігіт жекелей сында да өнер көрсетеді.

Қоржынымызға тағы бір лицензия түсті

Эдуард Ещенко да Париж олимпиадасына қатысады. Қазақстандық стенд ату шебері лизензиялық турнирде сәтті өнер көрсетіп, үздік үштікке кірді. Әлемдік іріктеу жарысы Қатар астанасы Доха қаласында өтті. Оған 400-ден аса спортшы жиналды. Араларында 21 жерлесіміз бар. Бұның алдында әйелдер арасындағы трап бәсекесінде қазақстандық Мария Дмитриенко жолдамаға қол созған болатын. Енді оның жеңіс жолын ерлер арасындағы скит бәсекесінде Эдуард Ещенко жалғады. Ол жекелей сында жоғары нәтижелер тіркеп, финалға шықты. Ал ақтық бәсекеде 35 ұпай жинап, үздік үштікке ілікті. Айта кету керек, Эдуард алтын және күміс жүлдегер атанған спортшыдан тек 1 ұпай қалып қойды. Осылайша, стенд ату шеберлері жекелей сында 2 жолдаманы жеңіп алды. Айта кетейік, нысана көздеуде лицензия спортшының өзіне емес, Ұлттық федерацияға беріледі.

Мария Дмитриенко, стенд атудан ұлттық құрама мүшесі:

- Лицензиялық жарыста барымызды салып, көбірек жолдама алуға тырыстық. Ендігі мақсат – олимпиада жүлдесін алу. Біз бұл арманға біраздан бері ұмтылып  келеміз. Міне, енді алдағы ойындарда медальға қол созуымыз қажет. Толық мүмкіндік бар. Аталмыш аралықта ұлттық құрамадағы спортшылар кәсіпқой тұрғыда жетілді. Тәжірибелері толысты. Бізге көмектесетін мамандардың да біліктілігі жоғары. Енді Париж олимпиадасына тыңғылықты дайындалып, елдің үмітін ақтаймыз деп ойлаймын.

Жастар арасындағы Азия чемпионаты

Азия үздіктері Астанаға жиналды. Бұнда бокстан жастар арасындағы құрлықтық дода өтіп жатыр. Биылғы Азия чемпионатына 26 мемлекеттен 500-ден аса боксшы жиналды. Олар алдағы 10 күн бойы өзара мықтыны анықтап, 13 салмақтағы медальдар жиынтығын сарапқа салады. Айта кету керек, жарыс 2 жас деңгейі бойынша ұйымдастырылды. Азия чемпионатының ашылу салтанатына Халықаралық бокс федерациясының президенті Умар Кремлев арнайы келіп, жас былғары қолғап шеберлерінің қарым-қабілетін байқады. Жарыс жерлестеріміз үшін сәтті басталды деуге болады. Бірінші күні шаршы алаңға 5 қазақстандық боксшы шығып, 3-еуі қарсыласын нокаутпен жеңді. Атап айтқанда,  Алексей Хаванцев, Санжарәлі Бегалиев және Ахмет Үсен  кездесулерін уақытынан бұрын аяқтады. Алдағы күндері де осы қарқынды жоғалтпай, жалпы командалық есепте бірінші орын алуымыз керек дейді ұлттық құраманың аға бапкері Қайрат Сәтжанов. Яғни ұлттық құрама спортшылары кемі 7 алтын медаль жеңіп алуды көздеп отыр. Астанадағы Азия чемпионаты 7-ші мамырға дейін жалғасады.

Әлімханұлы мен Адамес кездесе ме?

Әлімханұлы Адамеспен кездесуі мүмкін. Қос мықты әлеуметтік желіде сөзге келіп, шаршы алаңда кездесуге дайын екендерін жеткізді. Айта кетейік, Карлос Адамес орта салмақта WBC тұжырымы бойынша уақытша чемпиондық белдіктің иегері. Доминикандық боксшы бүгінге дейін 24 кездесу өткізіп, оның 23-інде жеңіске жетті. Тіпті 18-ін нокаутпен аяқтаған. Ал Жәнібек осы салмақта WBO және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы саналады. Ол кәсіпқой рингте 15 кездесу өткізіп,15-інде де жеңіске жетті. Соңғы рет былтыр қазан айында АҚШ-та жұдырықтасып, германиялық Винченцо Гуальтьериден басым түсті. Соның арқасында жоғарыда айтқан қос чемпиондық белдікті біріктірді. Жәнібек Әлімханұлы мен Карлос Адамес нақты қайда және қашан кездесері әзірге белгісіз. Қос тарап осы аптада жекпе-жек кешінде қатысты келісімшарт жасасуға келісті.