Қазақстан мен Таиланд визасыз режим туралы келісім жасады

Құжат мемлекеттік ішкі рәсімдер аяқталғаннан кейін күшіне енеді.

Келісімге Үкімет басшысыныың орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің Бангкокқа ресми сапары барысында қол қойылды. Бұл екі ел арасындағы сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және туристік байланыстарды дамыта түсетін болады.

Айнұр Қуатқызы, тілші:

- Қазақстан мен Тайланд арасындағы екі жақты қатынас дами түскен. Қос ел арасындағы алыс-беріс те артқан. Мәселен өткен жылы сауда көлемі 36 пайызға көбейіп 367 млн АҚШ долларын құрады.

Қазақстан мен Таиланд арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жылдан асты. Қос елдің әріптестігі тұрақты түрде дамып,  алыс-берістен бөлек, барыс-келіс қа­тынастар жылдан-жылға қанатын кеңге жайған. Визасыз тәртіп күшіне енсе, екі елдің азаматтары елге кірген күннен бастап 30 күнге дейін бір-бірінің аумағында еркін жүре алады.

Мұрат Нұртілеу, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі:

- Туризм - екі ел арасындағы достық пен белсенді өзара іс-қимылдың маңызды негіздерінің бірі. Өз тарапынан Қазақстан тай демалушылары үшін жаңа бағытқа айналуы мүмкін. Бізде әлемдік деңгейдегі қысқы демалыс орындары, сондай-ақ бірегей табиғи саябақтар мен тарихи орындар бар.

Сонымен қатар, Қазақстан Пхукетте консулдық ашатын болды. Бангкокке ресми сапармен барған Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу тайландтық әріптесімен кездесу барысында осындай келісім жасады. Одан бөлек, қос ел арасында қосымша тікелей әуе рейстерін ашу мүмкіндіктері де қарастырылды. Себебі, екі елдің туризм саласындағы ынтымақтастығы жыл санап артып келеді. Мәселен, былтыр Таиландқа 172 мың қазақстандық турист саяхаттаған. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 2,5 есе көп. Тек биылғы екі айдың өзінде Тайландқа Қазақстаннан 58 мың турист демалуға барған.

Парнпри Бахиддха-Нукара, Таиланд Корольдігі Сыртқы істер министрі:

- Елдеріміз арасында сындарлы диалог орнатылды. Көптеген мәселелер бойынша мемлекеттеріміздің ұстанымдары сәйкес келеді. Қазақстан – Орталық Азиядағы басты сенімді серіктесіміз.

Таилық инвесторлар, Қазақстанды өңірлік логистикалық хаб ретінде қарастырады. Өз өнімдерін Қазақстан нарығына, Орталық Азия мен Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне жеткізуді көздеп отыр. Бұл ретте тай тарапы болашақта Қазақстан аумағында өз өндірісін ашу мүмкіндіктерін зерделеуге дайын екенін жеткізді.

Арман Исетов, Қазақстанның Таиландтағы төтенше және өкілетті елшісі:

- Қос елдің сауда саласындағы қарым-қатынасы дамыған. Таилық бизнес өкілдері біздің елдің цифрлық даму, ауыл шаруашылығы, көлік, энергетика, сияқты бағыттарына қызығушылық танытады. Елдер арасындағы тауар тасымалының неғұрлым қолайлы жолдарын іздеу қажеттілігіне назар аударып отыр.

Қос ел әлі де өзара сауда және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі ілгерілетуге ниетті. Қазіргі уақытта Таиланд – Қазақстанның Оңтүстік-Шығыс Азия өңіріндегі ең ірі және сенімді серіктесі. Отыз жылдық берік дипломатиялық қарым-қатынас барысында мемлекеттеріміз арасындағы тұрақты байланыс жан-жақты өрбіді. 

Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Артур Горшняков