Шетелдік сарапшы: Президент Жолдауы өзекті мәселелерді қамтыды

Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамалары орынды.

Өйткені қазіргідей күрделі кезеңде жылдам нәтиже беретін реформалар қажет. Орталық Азия және Кавказ институтының директоры Сванте Корнелл өз мақаласында осылай деп жазды. Халықаралық шолушымыздың сюжетін көрейік. 

Биылғы Жолдауында Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік мәселелерді шешуге ерекше ден қойды. Бұл «Әділетті Қазақстан» бағдарын жақындата түскені сөзсіз. Орталық Азия және Кавказ институты директорының пікірі осындай. Сванте Корнелл Мемлекет басшысының жаңа экономикалық үлгіге көшу туралы бастамасы тұрғындардың тұрмысын жақсартуға бағытталғанын айтады.

Сванте Корнелл, Орталық Азия және Кавказ институтының директоры: «Президент өз Жолдауында әсіресе экономикалық әртараптандыру қажеттігін ерекше атап отыр. Ол қазір аса өзекті. Бұл ретте өндірістік секторды дамытуға ден қойылып отыр. Президент мемлекеттік сатып алуды реформалау, тау-кен саласын дамыту және ауыл шаруашылығы секторын жетілдіруден бөлек қорғаныс өнеркәсібін кеңейтуге де назар аударды. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл дамыған елдерде ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін басты сала екенін атап өтті. Сондықтан секторда импортқа тәуелділікті азайтуға күш салуға шақырды».

Мақаласында Сванте Корнелл елде жасалып жатқан әлеуметтік реформаларға да ерекше назар аударған. Ол білім беру, денсаулық сақтау және зейнетақымен қамсыздандыру салаларын дамытуға бағытталған дейді. Сарапшының пікірінше, соның ішнде жаңа мектептер мен ауруханаларды салу, «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасын іске қосу, мұғалімдер мен дәрігерлерің жалақысын көтеру секілді бастамалар биліктің әлеуметтік қызметті кеңейту ниетін айқындайды.

Сванте Корнелл, Орталық Азия және Кавказ институтының директоры: Мұндағы ең күрделі мәселе – кадр даярлау. Осылайша, шалғай аудандарда педагогтар мен медицина қызметкерлерінің тапшылығын болдырмау керек. Бұл мамандықтар қаладағы жоғарғы оқу орындарының түлектерін қызықтырмауы мүмкін. Осы мәселені шешу үшін Қазақстан билігі білім беру және денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің жалақысын көтеру шешімін қабылдады».

Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамалары орынды. Сарапшы осылай дейді. Өйткені қазір әлемде сын-қатерлер артып келеді. Оларға төтеп беру үшін реформа қажет. Әрине, жобаларды іске асыру үшін ұзақ жылдар керек. Десе де қазірдің өзінде нәтижесі көрініп жатыр, - дейді мақала авторы. Ол бүгінде басқару формасы, сондай-ақ мемлекет пен қоғам арасындағы қарым-қатынаста өзгерістің барын тілге тиек етті.

Авторлары: Жұлдыз Атагельдиева, Зәуреш Думанқызы.