Семейде Ұлыстың ұлы күні ұлықталды

Абай облысының жұртшылығы да бүгін шат-шадыман.

Ұлыстың ұлы күні өңірде кең көлемде тойланды. Ал облыс орталығы - Семейдегі орталық алаңға 30-ға тарта киіз үй тігілді. Ұлттық ойындар, әуелеген ән, күмбірлеген күй, түрлі байқаулар мен концерттік бағдарламалар халыққа айрықша көңіл-күй сыйлады.

Мерекелік шара театрландырылған қойылым мен Қыдыр атаның ақ батасынан басталды. Орталық алаңға ағылған жұрт биыл мерейтойы атап өтілетін тұлғалардың құрметіне тігілген киіз үйлерді тамашалады. Тегін таратылған Наурыз көже мен палаудан дәм татты.

Блиц:

- Бағана ертемен келдік. Халық көп жиналып жатыр екен. Ұнап жатыр бәрімізге. Балаларымызға да, ата аналарға да күшті ұнап жатыр.

- Барлық жерде киіз үй тігіліп, қала бойынша. Мынау өзіміздің облыс алғанымыз көрініп тұр да. Қаланың әр жерінде болып жатыр. Жаңа теміржолдың басында болдық. Өзіміз теміржолшымыз. Осы жерге келейік дедік, көрім жатырмыз, бәрі тамаша

- Мен өзі Семей қаласына қонаққа келіп отырмын. Семей қаласында өте керемет. Тамаша ұйымдастырылған. халықтың барлығы риза деп ойлаймын.

Облыс әкімі де халықпен бірге мейрамды тамашалап, жылы лебізін жеткізді.

Нұрлан Ұранхаев, облыс әкімі:

- Ізгілік пен мейірім, ырыс пен ынтымақ тоғысқан ұлыстың ұлы күні Әз наурыз төрімізге жақсылық, қуанышын ала келсін. Дастарханымызға ақ толатын, елімізге бақ болатын жаңа күн жасампаздық пен жарқын іске бет бұрған халқымызды ұлы мұраттарға жетелей берсін.

Ұлық мейрамға орай ұйымдастырылған әртүрлі спорттық сайыстарға тұрғындар белсенді қатысты. Қолөнер шеберлерінің көрмесі де мерекенің мәнін ашып, сәнін кіргізді.

Абылайхан Асылбай, қолөнер шебері:

- Мына кіреуке сауытты мысалы қазақ батырлары бұрынғылар көп қолданған. Өте ыңғайлы, өте жеңіл. оның ішінде мысалы айбалта. Өз қолымнан жасалған. Мынау бос мойын. Жастар осыдан үлгі алса екен, көрсе екен деген мақсат қой біздікі. Жастарды тәрбиелеу біздің басты мақсатымыз.

Алыстан арнайы шақырылған әншілер мен жергілікті өнерпаздар жұртшылыққа ерекше көңіл-күй сыйлады.

Абай облысында Наурыз мейрамына орай 400-ге жуық іс-шара өткізу жоспарланған. Ал Семейдегі салтанат эстрада жұлдыздарының гала-концертімен түйінделді.

Авторлары: Азамат Қасым, Медет Өмірханов