«Сәтбаевтар әлемі». Жаңа кітап жарыққа шықты

Қазақстандағы кен қорын барлап, болашаққа аманаттап кеткен ғалым суды үнемді, дұрыс пайдаланудың да жолдарын көрсетіп кеткен.

Бірақ оның жобасы толық жүзеге аспады. Ал жүзеге асқаны қазір Орталық Қазақстанды толық тіршілік нәрімен қамтып тұр.

Бүгін қазақтың біртуар перзенті геолог-ғалым, минералогия ғылымдарының докторы, профессор, академик Қаныш Сәтбаевтың туғанына 125 жыл. Қазақ халқының даңқты перзентінің туған күні қарсаңында Павлодарда «Сәтбаевтар әлемі» атты кітап жарық көрді.

Бұл – Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың дауысы жазылған үнтаспа. Ғалым 1959 жылы Мәскеуде Жоғарғы Кеңесте геологтардың қазақ даласынан 200-ден аса кен орнын тапқаны туралы мәлімдеме жасайды. Олардың арасында жүздеген миллиард тонна көмір қоры бар Қарағанды, Екібастұз, Майкөбе сынды алпауыт көмір кеніштері бар.

Алтынбек Нұхұлы, ҚР Парламенті сенатының депутаты:

- Мен әрқашанда айтып жүремін, ғалымдардың есептеуі бойынша бір ғана Ұлытау, Жезқазған өңірінен 200 миллиард долларлық пайданы қазақ еліне тек қана бір элемент – мыстан ғана келтірген. Ал енді бүкіл байлығын есептейтін болсақ, сонау Маңғыстаудағы, Атыраудағы мына бүгінгі мұнайдың болатыны, мына қазақ елінің дамуына әсер ететінін бәрін болжап кеткен.

Қаныш Сәтбаевтың туған күні қарсаңында «Сәтбаевтар әлемі» атты кітап жарық көрді.

Көркем туындыға қазақтың біртуар перзенті, академиктің әулеті толық енген. Ұрпақтарының айтуынша, «байдың ұлы», «халық жауының баласы» деген желеумен Қаныш Сәтбаевтың өзіне де көптеген қысым жасалыпты. Қаныштың туған ағасы Ғабдул-Ғазиз 1937 жылы Омбыда, бір бауыры Фрунзеде, немере ағасы Әбдікәрім Жәминұлы Сәтбаев Қарағанды қаласында атылыпты. Ол музыка саласының маманы болған екен.

Райхан Қоғабаева, Қ. Сәтбаевтың немере қарындасы:

- Мұның бәрін бізге әжеміз айтып отыратын. Сендер аталарыңның кім екенін білесіңдер ме? Мына сандық толған нота болды. Мен өз қолыммен өртеп жібердім. Себебі бұл жазбалардың сендерге зияны тиіп кетуі мүмкін дейтін. Сыр ашуға болмайтын қиын заманды бастан өткердік. Әкеміздің достары оның Сәтбаевтар отбасынан екенін тек қайтыс болғанда білді.

Сәтбаев ашқан жаңалықтар ел игілігі үшін қызмет етеді. Ол 1948 жылы Ақмола облысының Астана болатынын айтса, академик Шапық Шөкиннің идеясымен «Ертіс-Қарағанды», қазіргі Сәтбаев каналының жобасын жасаған. Қызуын ұзақ сақтайтын Екібастұздың таскөмірі үлкен өндірістерге жарамды. Теміржол салынды, құралдар жеткізілді. Бірақ су жоқ жерде оның бәрі бекер екенін Қаныш Имантайұлы Мәскеуге үш қайтара барып дәлелдепті.

Алтынбек Нұхұлы, ҚР Парламенті сенатының депутаты:

- Бүкіл Орталық Қазақстанның бүгінгі күні Астанасы болсын, Қарағандысы болсын осының барлығы су жүйесін яғни Ертіс-Қарағанды каналының тартылуына басты, негізгі қаражаттар мәселесін, негізгі осы жобаның іске асуына негізгі адам ол Қаныш Имантайұлы Сәтбаев. Сол кісінің арқасында бүгінгі күні қаншама даладағы шөлейт жерлердің барлығы сумен қамтамасыз етілді. Әрине тек қана сумен емес оның бойына қалалар салынды. Ауылдар салынды. Мысалы бір ғана Екібастұздың өзін алып қараңызшы қандай бүгінгі күні үлкен қаланың деңгейіне жетті.

Жоба-жоспарын академик Қаныш Сәтбаев жасаған су торабының бірегейлігіне тоқталсақ, онда 22 су сорғы стансасы суды төменнен жоғарыға қарай айдап, жалпы биіктігі 418 метрге дейін көтереді. Мұндай су артериясы жер бетінде жоқ. «Ертіс-Қарағанды» каналы қазір академиктің есімімен аталады. Бірақ осынау тіршілік үшін маңызы аса жоғары стратегиялық нысан көптен бері жөндеу көрмеген. №87 бөгетке жасалған жөндеу жұмыстары да сапасыз жүргізілген.

Владимир Егерь, Қ. Сәтбаев атындағы каналды пайдалану басқармасының бастығы:

- Жобада бөгеттер нығайтылып, дренаждық канал салынуы тиіс еді. Су асты бөлігін бетондау қажет болған. Бұл жұмыстар сапасыз жүргізілді. Сол себепті тиімділігін көрсетпеді. Біз өз күшімізбен дамбаларды жасадық. Ал, судың деңгейі күн сайын өлшенеді.

Сусорғы -қуат жабдықтары жылына шамамен 2 200 млн КВт/сағат электр энергиясын тұтынады. Ал арнаның екінші кезегі – «Қарағанды-Жезқазған» бағыты жүзеге аспады. Сол тұстағы мамандар оны тиімсіз деп санаған. Соның әсерінен арна бүгінде өз әлеуетінің тек 40 пайызын ғана пайдаланады. Алайда қазақтың аймаңдай ұлы - Қаныш Имантайұлы үлкен бөген салу арқылы қыруар су жинай алатын Кеңгір су қоймасының жобасын әзірледі. Аумағына 319 млн текше метр су қорын сыйғыза алатын ауқымды гидроқұрылыс 1952 жылы аяқталып, 1954 жылдың көктемінде іске қосылады. Сол кезде Қаныш Сәтбаев көпшілікке «Бұл су қоймасы қазіргі жағдайға жеткілікті, болашақта Жезқазғанға Ертіс-Қарағанды каналы келеді» деген екен.

Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков 24.KZ, Павлодар облысы