Ыстықтан 2 бала көз жұмды

Жаз басталмай жатып, әлемнің бірқатар елінде ми қайнатқан аптап ыстық орнады.

Шамадан тыс жоғары температура салдарынан тіпті адамдар өле бастаған. Көктемде қолайсыз күн райының қалыптасуына не себеп?

Бұған басты себеп - өзгерген климат. Өкінішке қарай, аптап ыстықтан қазірдің өзінде әлем бойынша ондаған адам көз жұмды.

Ыстықтан 2 бала көз жұмды

«Жығылғанға – жұдырық». Жарты жылдан астам уақыт бойы қарулы қақтығыстан көз ашпай, азық-түлік тапшылығына тап болған Газа секторының халқы енді аптаптан азап шеге бастады. Температура бағаны 37 градусты көрсетіп тұр. Қолайсыз күн райынан қазірдің өзінде 2 бала жан тапсырды. Сая іздеген жұрт теңізден шығар емес. Күн ыстықта балық та қармақ қаппайды, ауға ілікпейді. Аш балалар құм-топырақтың арасынан талғажау іздеп әлек. Аптап аймақтағы онсыз да ауыр санитарлық жағдайды ушықтырып жіберді. Дәрігерлер тұрғындар арасында індет таралуы мүмкін деп қорқады. 

Еуропада биыл тағы қатты ыстық болады

Еуропада биыл да қатты ыстық болады. Температура адам денесі көтере алмайтындай деңгейге көтеріледі дейді ЕуроОдақтың Коперник климат өзгерісі қызметі мен Дүниежүзілік метеорология ұйымының мамандары. Былтыр аптап Оңтүстік Еуропаның 41 пайызын қамтыған болатын. Кейінгі 20 жылда "кәрі құрлықта" ыстық салдарынан көз жұмған тұрғындар саны 30 пайызға артқан. ЕуроОдақтың Қоршаған орта агенттігі үкіметтерге қазірден бастап денсаулық сақтау саласын дайындау қажеттігін ескертті.

Карло Буонтемпо, ЕуроОдақтың коперник климат өзгерісі қызметінің директоры:

- 2023 жылы бүкіл әлем бойынша қатты ыстық болғаны белгілі. Мұндай жоғары температура мыңжылдықта тіркелмеген еді. Күннің күрт ысуына ғалымдар да қатты таңқалып жатыр. Биыл да өте қатты ыстық болады деген болжам бар. Сондықтан алдын алу шараларын шұғыл қолға алып, түрлі қиындыққа қазірден қамдану керек.

Ыстық 2,4 млрд жұмысшыға кері әсер етеді

Аптап ыстық әлемдегі жұмыс күшіне де кері әсерін тигізеді. Халықаралық еңбек ұйымының мамандары климат өзгерісінен туындаған жоғары температура 2 миллиард 400 мың адамның жұмыс істеуіне кедергі келтіреді дейді. Бұл дүние жүзіндегі еңбек күшінің 70 пайызы. Мұндай теріс үрдіс ғаламдық азық-түлік қорына тікелей ықпал етеді. Өйткені аптап ыстықтан бірінші кезекте ауыл шаруашылығы жұмысшылары зардап шекпек.

Манал Аззи, Халықаралық Еңбек Ұйымының аға маманы:

- Біз аптап ыстықтың еңбек күшіне тигізер зардабын арнайы зерттедік. Нәтижесі алаңдатарлық. 2 миллиард 400 мың адам жоғары температура жағдайында жұмыс істей алмай, жарамсыз болуы немесе еңбек өнімділігі төмендеуі мүмкін. Сондай-ақ ауаның ластануы артады, радиация күшейеді. Түрлі аурулардың таралу қаупі бар. Сондықтан қазірден жұмыс істеуге қолайлы орта қалыптастырып, тиісті қорғау шараларын шұғыл қолға алуымыз керек.

Аптап Үндістан, Камбоджа, Мьянма, Вьетнам сияқты Азия елдерін де құрсаулап алды. Биыл Таиландта ыстықтан 30 тұрғын көз жұмған. Бұл елде ауа температурасы 44 градусқа жетті. Филиппинде аптапқа байланысты бүгін-ертең оқушылар мектепке бармайды.