Ұйқы апноэсы: мамандар дерттің белгілері мен себептерін айтты

Көз ілген соң дөңбекшіп, түн ұйқыңыз төрт бөліне ме? Шаршаңқылық басып, денеңіз дел-сал болып жүрген жоқ па? Дәрігерлер: «ұйқының бұзылуы –денсаулықтың бұзылғаны», – дейді.

Апноэ деген дерт бар. Адам ұйықтап жатқанда тынысы бірнеше секундқа тоқтап қалуы мүмкін. Ал мұның себебі не? Ұйқы дерті кімдерге жақын?

Мукадаз Тусунова ұйқысы нашарлап, дем жетпей жиі оянып кететінін айтады. Дәрігерлер бірден ұйқы зертханасында тексеріс жүргізген. Сөйтіп, оның бойынан ұйқы апноэсы дертін анықтаған.

Ташимова Марзия, ҚР ПІБ МО ауруханасының ұйқызертханасы медбикесі:

- Біз тексеріс жүргіздік. Нәтижесінде обструктивті ұйқы апноэ ауруы анықталды. Енді біз емдеу шарасын бастаймыз. Алдымен науқасқа терапия қалай әсер еткенін және тыныс алуы қалай болғанын анықтау үшін қолына мониторниг құрал тағамыз. Кейін оттегі толықтай жетуі үшін мұрынға маска кигізіп, оны аппаратқа жалғаймыз. Науқас осылай 6 сағат ұйықтауы қажет.

Апноэ белгісі бар адамдардың көбі өзінің қандай ауруға душар болғанын білмейді. Сол себепті кардиологқа барады, одан лор немесе урологқа қаралады. Ал бұл ауруды тек осы ұйқы зертханасы емдей алады.                                                                     

Мукадаз Тусунова, емделуші:

- Ұйқыдан тұрып кете берем, ұйқым жақсы болмайды. Көрейін дедім ем алып, қалай болады екен. Процесс жақсы әсер етті.

Зерттеуге сүйенсек, ұйқы апноэсына шалдыққан науқастар саны – әлем бойынша 3%.  Басты себеп – артық салмақ және ұйқы режимінің бұзылуы.

Альфия Абжанова, ҚР ПІБ МО ауруханасының ұйқызертханасы бөлімінің меңгерушісі:

- Пациенттердің 99% артық салмақпен келеді. Ал артық салмақ апноэ ауруының тууына себепші. Бір жағынан апноэ ауруы одан сайын салмақты артуны әкеп соғады. Себебі салмаңы көп науқас ұйықтаған кезде оттегі жетпей, өкпе қысылады. Содан ол жүрекке әсер етеді. Түн ортасында дем жетпей ояну осыдан туындайды.

Науқас көз ілген сәтте дем 10-15 секундтан 1 минутқа дейін үзілуі мүмкін. Соның салдарынан ұйқы бұзылады. Адам күні бойына маужырап жүреді. Шаршаңқылық басым болады. Емделмеген жағдайда жүрек жеткіліксіздігі мен инсультқа әкеп соғуы мүмкін.