Өлексе өлімге себепші болмай ма?

Тасқын біраз малды ағызып әкетті. Құрығын ұстап қалған жұртқа өтемақы берілер. Бас аман болса жоқтың орны толар.

Бірақ сумен бірге ағып сай саланы толтырып жатқан өлекселер ауру таратпай ма деген қауіп бар.

Түзде жүрген мал суға кетіп, арам қатты. Оның қай тұстан қалқып шығары белгісіз. Енді ен далада жатқан көп өлексе ауру таратпай ма? Малымен қоса салы суға кеткен қырдағы жұрттың ендігі уайымы осы.

Жауапты министрлік мамандарының мәлімдеуінше, алас-күлесте 6 мыңға жуық тұяқты суға кеткен. Ресми дерек осылай. Енді осылардың ішінде ауру мал да болуы мүмкін. Бір қиыны жер кеппей оба ошағы мен кесел түрін тап басып тану мүмкін емес. 

Жасұлан Алпысбаев, ҚР ДСМ санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің басқарма басшысы:

- Мал өлекселеріне қатысты сынамалар алу қазір кішкене ертерек. Өйткені өлексенің барлығы су астында жатыр ғой. Су қайтып кеткеннен кейін бізде ветеринарлық қызмет жергілікті атқарушылармен бірігіп, олар өлекселердің барлығын аймақтардан тазартады да, утилизация жасайды. Қазіргі кезде суда жатқан өлекседен сынама алу, былай айтқанда, ғылыми тұрғыдан мүмкін емес. Су кеткеннен кейін барлығы жүргізілетін болады.

Қош, қырылғаны – түзде өз аяғымен жайылып жүрген жануарлар ғой. Ал бұрын жұқпалы аурудан өліп, қорымға көмілген мал өлекселері ше? Сай-саланы бойлап аққан ағын су топырағын төңкеріп, жер астындағысын бетіне шығарған жоқ па? Бұл да бір қауіп.

Олжас Тілебалдин, ҚР АШМ ресми өкілі:

- Жалпы су басқан аймақтарда сібір жарасымен мал қорымдары көмілген. Алайда бұл аймақтарда эпизотологиялық жағдай тұрақты болып отыр. Сібір жарасын көму жануар өлген жерде көмілген ауру қоздырғыштың тарихи ошағы екендігін жеткіземіз. Сібір жарасын өлгеннен кейін жануар өртеу жолымен жайылады. Ал күл бетондалатын саркафак жасалып көміледі. Оның айналасына дизинфекциялық заттар салынады. Көмілген аумақ оқшауланған. Осы уақытқа дейін аурулардың жер бетіне шығу жағдайы анықталған жоқ.

Әзірше қолдан келер шара – халықтың ауыз-суын күзету. Көршілес елдегідей ішек дерті дендеп, түрлі індет өрбіп кете ме деген күдік бар. Сынама алған мамандар ағайынға келетін қауіп анықталған жоқ - дейді. Дей тұрғанмен, арқаны кеңге салуға тағы болмайды. Сондықтан, санитарлық талаптарды қатаң сақтануға шақырады, жауаптылар.

Жасұлан Алпысбаев, ҚР ДСМ санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің басқарма басшысы:

- Сәуірдің басынан бері 4200-ден астам су сынамалары алынып зерттелді. Олар мынау микро биологиялық, санитария-химиялық көрсеткіштерге бағытталып, зерттелді. Енді бүгінгі таңда зерттеме көрсеткіші бойынша су арқылы халыққа төндіретін инфекциялық аурулар немесе эпедимеологиялық ахуалды қиындататын ешқандайда белгі жоқ.

Қазір қар суы алып кеткен мыңнан аса төрт түлік өртеліп, жойылған. Жауаптылар жыл басында жаппай екпе жүргізіп, жұқпалы аурулардың алдын алдық, сондықтан өлекседен келетін қауіп жоқ - дейді. Біз де соған сенейік.

Шернияз Жалғасбекұлы, 24.KZ