Қазақстандық оқушылар Қытайдан жүлделі оралды

Қытайда өткен білім олимпиадасында қазақстандық оқушылар үздіктер қатарынан көрінді, деп хабарлайды 24KZ.

58-ші халықаралық Менделеев олимпиадасында біздің балалар 9 медаль ұтып алды. Жеңімпаздарды әуежайда ұстаздары, ата-аналары мен туыстары күтіп алды. Павлодардағы №8 дарынды балаларға арналған лицей оқушысы Ринат Елеусізов алтын медаль тақты. Ақтаулық Әділжан Молдағұл мен астаналық Кирилл Ким күміс жүлде еншіледі. Тағы 6 оқушы үздік үштіктен көрінді. Дәстүрлі Менделеев халықаралық олимпиадасына 29 елден 200-ден астам оқушы қатысты.

Ринат Елеусізов, халықаралық олимпиада жеңімпазы:

- Бірінші кезеңде жеңіл тапсырмалар болды. Екінші және үшінші кезеңде сұрақтар қиындай, тереңдей түсті. Дәстүрге айналған олимпиаданың форматы биыл шамалы өзгеріпті. Тапсырмалар креативті және қызықты болды. Мен үш кезеңде 173 бал жинадым. Қатысушылардың 10%-і алтын алды.

Санжар Бекдайыр, тәлімгер:

- Біз оларды бір аптаның ішінде теориялық жағынан және практикалық жағынан да дайындадық. Көптеген жаңа материал қолданылды және бұл, менің ойымша, өте жақсы көрсеткіш, өйткені өткен жылмен салыстырғанда бізде біраз жылдардан бері алтын болған жоқ.