Шымкентте экологиялық акцияға 13 мың тұрғын қатысты

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясында Шымкент аумағынан 200 тоннадай күл-қоқыс шығарылды.

Жалпыхалықтық науқанға қатысушылар бұл аптаны «Өнегелі ұрпақ» тақырыбына арнады. Барлығы 13 мыңға тарта адам ұрпақ сабақтастығын жалғап, тазалыққа жұмылды.

«Тазалық – саулық негізі. Мәдениет өлшемі.» Экологиялық науқанға қатысушылар осындай ұранмен «Өнегелі ұрпақ» апталығын өткізді. Жастар мен аға буын бірлесіп, тазалыққа жұмылды. Қазыналы қарттар үлгі көрсетіп, көшені көгалдандыруға үлес қосты.

Өркен Әбдіреев, қала тұрғыны:

- Қазір қаламыз күн сайын жарқырап келе жатыр. Сондықтан, айналайын, қаланың азаматтары, бәріміз бір кісідей жұмыс істеп, қаламызды тамаша қалаға айналдыруға атсалысайық! Оған біз міндеттіміз. Қаламыздың азаматтары тәртіпті, өте еңбекқор. Шымкентті тазалауға келгенде мен шаршамаймын. Бәріңізді шақырамын.

Тазалық науқаны «Достық ауласы», «Менің мекенім» атауымен 5 ауданның аумағында жалғасты. Тұрғын үй секторларының төңірегі сыпырылып, ойын алаңдары мен арық-атыздар қоқыстан тазартылды. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков те ағаш түптерін қопсытып, орындықтарды сылады.

Акцияның «Өнегелі ұрпақ» апталығында барлығы 13 мыңдай қала тұрғыны тазалыққа шықты. 200-ден аса үй ауласы мен 300 шақырымдай көше бойы тазартылды. 22 гектар жердің шөбі шабылды. Жалпы қаладан 200 тоннаға жуық күл-қоқыс шығарылды.

Исамудин Рысбаев, әл-Фараби аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

- Тазалық бәрімізге де керек. Неге десеңіз, таза болған жерде ешқандай ауру-сырқау деген болмайды. Қаланың таза болғаны, жақсы болғаны – бәрімізге де мақтаныш.

Жастар апталықты арбат алаңында қорытындылап, эко-акцияны қолдауға шақырды. «Өз елін сүйетін өнегелі ұрпақ» тақырыбында флешмоб ұйымдастырды.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов.