Алматыда «Жеңістің жұлдызды сағаты» атты көрме ашылды

Алматыда Әбілхан Қастеев атындағы өнер музейінде «Жеңістің жұлдызды сағаты» деген тақырыппен көрме ашылды, деп хабарлайды 24KZ.

Мәдени іс-шара Жеңіс күніне және Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетовтың туғанына 100 жыл толуына арналған. Көрмеге негізінен  соғысқа қатысқан суретшілердің картиналары қойылған.

Мына картина «Ерлік» деп аталады. Авторы – кескіндемеші, өнертанушы, Қазақстанның халық суретшісі Нағымбек Нұрмұхаммедов. «Ол өзі де соғысқа қатысқан. Балтық және Қара теңіз флотының құрамында теңіз әскерінде болған. Майдан туралы мүлдем айтпайтын. Бірақ сол бір зұлмат жылдарды картиналар арқылы сөйлетті», – деп еске алады суретшінің қызы Мара Нұрмұхаммедова.

Мара Нұрмұхаммедова, Н. Нұрмұхаммедовтың қызы:

- Ол соғыс туралы айтқанды қаламайтын. Көбіне батырларды дәріптеді. Бауыржан Момышұлын, Талғат Бигелдиновты, Мәлік Ғабдуллиннің портретін салды. Оған қоса қарапайым жауынгерлерді де көп бейнеледі. Ол соғысқа аттанғанда 18 жаста ғана болыпты. Кейін институтқа түсіп, өнертану ғылымдарының кандидаты болды. Ол артына өшпес мұра қалдырды. Әкем 1986 жылы өмірден озды. Шынымды айтсам, осы жұмыстарға қарап, толқып тұрмын.

Мұннан қазақ халқының қадірлі ұлы, еліміздің алғашқы Қорғаныс министрі   Сағадат Нұрмағамбетовтың жеке заттары мен әскери киімін де көруге болады. Биыл Халық қаһарманының туғанына 100 жыл. Көрмеге 60-тан аса картина қойылды. Оған қоса тақырыпқа сай мүсіндік жұмыстар мен бейнероликтер ұсынылды.

Гүлнұр Жұбанова, бейнелеу өнері бөлімінің жетекшісі:

- Қазақ суретшілерінің ішінде Телжановтың «Жеңіс» деп аталатын жұмысы. Тоқболат Тоғысбевтың жұмыстары, Ескен Серкебаевтың «1941 жыл» деп талатын мүсіндік туындысы, осының бәрі сол бір атмосфераның, сол кездегі батырлардың ерлігі, барлығы драмалық, трагедиялық жанрда, әртүрлі тақырыпта терең қозғалған.

Өнертанушылардың айтуынша, соғыс тақырыбында қылқалам тербеу өте күрделі. Оны суретшінің бәрі сала бермейді. Ал сол майдан даласын өз көзімен көріп келген өнер адамы салса, ол мүлдем басқа дүние болып шығады.

Найля Жүсіпова, қала тұрғыны:

- Картиналарды көріп, көңілім босады. Соғысты салғандар көп қой. Бірақ майдангер суретшілердің жұмыстары мүлдем бөлек. Бәрі шетінен сөйлеп тұр десем де болады. Жастардың келіп көріп жатқаны қуантты. Бізге бейбіт күн сыйлаған жандар ұмытылмаса екен деймін. Өзім 9 мамырда міндетті түрде ескерткіш басына барып, тағзым етемін.

Көрменің ашылуында жоғары оқу орнының әскери кафедрасында оқып жүрген студенттер мен өнерпаздар патриоттық әндер орындады. Сол бір отты жылдарда жазылған шығармалар ешкімді бейжай қалдырған жоқ. Ал «Жеңістің жұлдызды сағаты» көрмесі бір айға жалғасады.

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Радик Жакупов.