Өзбекстанда шетелдік инвесторлар үшін жаңа салықтық жеңілдік енгізілді

Енді елде бизнеспен айналысып жүргендер дивидендтік табыстың бір бөлігін үкімет қазынасына аудармайды.

Шетелдік кәсіпкерлер 3 жыл мерзімге тиісті міндеттемеден босатылды. Бұл жайлы Ташкент инвестициялық форумында ел президенті Шавкат Мирзиёев мәлімдеді. Ол сондай-ақ шетелдік бизнеске жерді жалға беру мерзімін 49 жылға дейін ұзарту жөнінде шешім қабылдады.

Үшінші Ташкент инвестициялық форумы биыл 2,5 мыңға тарта мейманның басын қосты. Іскерлік алаңда Өзбекстанның экономикалық өсімін арттыратын тың бастамалар жарияланды. Көршіміз шетелдік инвесторлар үшін ашық әрі қолайлы ахуал қалыптастыруға ниетті. Осы мақсатта дивидендтік табыстың бір бөлігі, яғни 10%-тік салық салудан бас тартып отыр. Бұл қадам сырттан қаржы тарту үрдісін ынталандыруы ықтимал.

Эндрю Хайес, басқарушы серіктес:

- Ел президенті айтқан бастамалар өте маңызды. Себебі әлемде тікелей шетелдік инвестиция үшін талас күшейген. Өзбекстанның бұл тұрғыда тиімді тұсы бар. Ол – жұмысқа қабілетті жастардың көптігі. Бұл – бизнесті ынталандыратын күш. Оған қосымша салықтық жеңілдіктер қосылса, инвесторлар үшін құба-құп болады.  

Өзбекстанда бұған дейін шетелдіктердің жерді жалға алу мерзімі 25 жылдан аспайтын. Енді бұл мерзім екі есе ұлғайтылады. Одан бөлек, жоғары рейтингке ие кәсіпкерлік құрылымдарға салықтық тексеріс жүргізілмейді. Мұндай өзгерістің жергілікті бизнеске оң ықпалы зор. Айта кетейік, көршімізде қазақстандық капитал құйылған 1100-ден астам бірлескен кәсіпорын тіркелген.

Назира Нұрбаева, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары:

- Мемлекет басшылары жүктеген тапсырмаға сай өзара ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға күш саламыз. Егер тікелей инвестиция жайында айтар болсақ, кейінгі 10 жылда Өзбекстаннан Қазақстан нарығына 33 млн доллар қаржы бағытталған. Ал кері бағытта көрсеткіш көбірек. Қазақстаннан Өзбекстанға осы уақыт аралығында 401 млн доллар инвестиция құйылған. Бұл дегеніміз арада әлі пайдаланылмай отырған әлеуетіміз бар екенін көрсетеді. 

Форум алаңында Қазақстанның инвестициялық ахуалы да сөз болды. Біздің тарап экономикаға тікелей қаржы тарту жөнінен көп мемлекеттен ілгері. Көрсеткішті одан арттыратын әлеует бар. Мәселен, Өзбекстанның металлургиялық прокат дайындау ісіндегі ірі кәсіпорны елімізде құны 70 млн доллар болатын жаңа жобаны жүзеге асыруды көздеп отыр.

Гюзаль Тожимирзаева, Өзбекстан металлургия компаниясының жоба жетекшісі:

- Қазір бұл жоба бойынша Қазақстанның елшілігі және Өнеркәсіп министрлігімен келіссөз жүріп жатыр. Жоба құны 70 млн доллар деп белгіледік. Бірақ көлемі одан да ұлғаюы мүмкін. Әуелі өндірісті қай өңірде салатынымызды анықтап алуымыз керек. Сосын оның өнімі жергілікті және көрші ел нарығы мен Еуропаға экспортталатын болады.

Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы инвестициялық ынтымақтастық кейінгі жылдары қарқынды дамып келеді. Жалпы құны 2,5 млрд доллардан асатын 60 өндірістік жоба қолға алынған. Оның ішінде дәстүрлі ауыл шаруашылығы мен шикізат өндірісінен бөлек, жаңа салалар да бар. Мәселен, өзбекстандық бизнес елімізде жеңіл өнеркәсіппен айналысып, тұрмыстық техника жасауға кіріссе, қазақстандық кәсіпкерлер көрші мемлекетте заманауи тұрғын үй кешендерін салып, дилерлік орталықтар ашуға ден қойған.

Авторы: Рауан Мыңбаев.